CaspianLife, 12 наурыз — Маңғыстау облысындағы «ӨзенМұнайГаз» АҚ директорының бұрынғы орынбасары сотталды. Сот оны ҚК-тің «заңды кәсіпкерлік қызметке аса ірі мөлшерде кедергі келтірді» және «оның әрекеттері ауыр зардаптарға әкеп соқты» деген бабы бойынша айыпты деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Және экс-орынбасар мұнай-газ саласындағы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Тергеу мәлеметіне сүйенсек, ол бұрғылау жұмыстарын жасау үшін тендер өткізу кезінде белгілі бір компанияның мүддесін қорғап, басқа компанияға зиян келтірген. Яғни өзі қамқоршылық жасаған компанияны жеңімпаз қылыпты. Сонымен қатар “Өзенмұнайгаз” АҚ мен ЖШС арасында жасалған сорғы және компрессорлық құбырларды жалға беру туралы шарт талабының орындалуын тексермей және қадағаламай, құны 22 миллион теңгеге бағаланған жұмыстың жасалғаны туралы актілерге қол қойып жіберген.
Сондай-ақ, сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін сервистік компания мен «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесінің басшылары да сотталды. Екі бөлімше басшысы қолданыста болған ұңғымаға қажетті толық жабдықты жалға алу бойынша қызмет көрсетуге келісім жасаған. Алайда, шығынға ұшырағысы келмеген сервистік компанияның басшысы шарт талаптарын бұзып, қажетті жабдықты сатып алмапты. Екі басшы ортақ мүддеге сай әрекет ете отырып, «Ақтау мұнай сервистік компаниясы» ЖШС-нің «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ға тиесілі сорғыны қысу құбырын пайдаланғанын біле тұра, олардың құны мен жалға алу сомасын шартта көрсетпеген. Бірақ актіде толық құнын көрсетіп, мөр басыпты. Осылайша, «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның сеніп тапсырылған қаражатын заңсыз иемденіп, жалпы сомасы 130 108 118 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген. Сот үкімімен екі басшының әрқайсысы 8 жылға сотталды.