CaspianLife, 21 қыркүйек — Атырау қаласында су құбырларындағы 67 бұранда (вентиль) мен ысырмалар (затвор) ауыстырылды. Бұл туралы «Атырау облысы Су арнасы» КМК директордың өндіріс бойынша орынбасары Ғасыржан Лекеров мәлімдеді, деп хабарлайды CaspianLife Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жұмыстар сумен жабдықтау желілеріндегі апаттық жағдайлардың санын азайту үшін және техникалық су шығарындыларының алдын алу мақсатында жүргізілуде. Сондай-ақ, Ғ.Лекеров өңдеу жұмыстары жүріп жатқан мөлтек аудандарды атап өтті.
— Су құбыры желілеріне диаметрі 100 мм-лік 19 бұранда Қызылбалық, Жұмыскер ауылдары, Ширина, Сарықамыс, Балықшы ықшам аудандары мен Құрманғазы көшесінде орнатылды. Сонымен қатар, Мирный, Балықшы, Жұмыскер елді мекендері мен Құрманғазы көшесінде диаметрі 150 мм болатын 13 бұранданы ауыстыру жұмыстары жүрді. Оған қоса диаметрі 200 мм-лік 17 бұранда Мирный, Тұрғындар қалашығы, Азаттық даңғылы мен Баймұханов көшесінде ауыстырылды. Және диаметрі 250 мм болатын 5 бұранда Нұрсая, Мирный, Өркен-2 ықшам ауданы мен С.Бейбарыс даңғылы бойында жасалды,- деді Ғ.Лекеров.
Оның айтуынша, Перетаска, Балықшы, Нұрсая шағын ауданында D-500 мм 4 ысырма ауыстырылса, С.Бейбарыс даңғылы, Элеваторная, Атамбаев, Құрманғазы көшелері, Лесхоз-2, Нұрсая ықшам ауданында D-600 мм 9 ысырманы ауыстыру жұмыстары жүрген.
Сонымен қатар «Атырау облысы Су Арнасы» КМК күз және қыс айларына дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Атап айтсақ, ұзындығы 64 метр болатын су құбырларына, апатты кәріз учаскелеріне және су ұңғымалары мен кәріздік құдықтарға жөндеу және кеңейту жұмыстары жасалды. Сондай-ақ сорғылар, бұрандалар мен қақпақшалар ауыстырылды. Жылу құбырларындағы ажыратқыштар қайта қаралып, жылу алмастырғыштарды тазалау, бетон қақпақтарын және су құбыры мен кәріз ұңғымаларын жабу жұмыстары атқарылған.