CaspianLife, 15 қыркүйек — Атырау облысында «Nazik group» ЖШС және «Andorra Construction» ЖШС құрылтайшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Олар үлестік тұрғын үй құрылысына 650 миллион теңге салған 30-дан астам азаматтың қаражатын заңсыз алды деген күдікке ілінген.
Күдіктілердің әрекетінің нәтижесінде үлескерлер 2 жыл өтсе де әлі баспана алмаған. Аталған серіктестіктердің құрылтайшылары сот санкциясымен қамауға алынды.
Өз кезегінде облыс прокуратурасы «әр азамат қырағы болуы керек және объективті ақпарат алу үшін жергілікті атқарушы органдардың басқармаларына немесе құрылыс бөліміне хабарласу қажет» деп атап өтті.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілмейді.