CaspianLife, 24 тамыз — Атырауда республикалық тамыз кеңесі басталды. Білім беру саласының мамандарына арналған іс-шара биыл жаңа форматта өтуде. Педагогтер 2 күн бойы білім беру саласындағы маңызды сұрақтарға, білім сапасы мен оқушылардың құқығын қорғау бағытындағы тақырыптар талқыланатын бірнеше секциялық отырысқа қатысады, деп хабарлайды CaspianLife.
Алғашқы күні «Балалар үшін қауіпсіз орта» тақырыбы талқыланды. Оған ҚР оқу-ағарту министрілігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері қатысты. Жаңа оқу жылынан бастап Атыраудағы барлық мектепте ата-аналар үшін кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Онда ата-аналар мұғалімдерден бала тәрбиесіне қатысты кеңес алады. Бұл мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етпек. Сонымен қатар, оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында «Әлеуметтік патронаж» жобасын іске қоспақ. Биыл тамыз кеңесі 2 күн бойы өтеді. Бірінші күні түрлі тақырыпта секциялық жиындар ұйымдастырылса, 25 тамыз күні – 20 өңірдің онлайн қатысуымен республикалық пленарлық отырыс болады. Жалпы, биылғы тамыз кеңесіне Атырау облысының білім беру саласында жұмыс істейтін 500 адам қатысып жатыр.