CaspianLife, 10 тамыз — Атырауда «Жастар апталығы» аясында көңілді тапқырлар клубының республикалық фестивалі өтіп, жайдарманшылар Атырау облысы әкімінің кубогын сарапқа салды, деп хабарлайды CaspianLife.
Қағытпа қалжың мен астарлы әзілді ұштастырған жастардың өнерін тамашалауға келген адамның қарасы көп болды. Залда «ине шаншар орынның болмауы» жастар арасында жайдарман ойындарының өте танымал екендігін білдірсе керек.
«Көңілді тапқырлар ойыны жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл жер – жастардың көп шоғырланатын орны. Сондықтан, бұның жастар арасында маңызы өте жоғары деп ойлаймын. Бұл жоба жылдан жылға жалғасып келе жатыр. Жастардың, қатысушылардың әлеуеті көтеріліп, шеберліктері шыңдалып, жылдан жылға жақсы болып келе жатыр» — деді Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова.
Ойынға Қазақстанның батыс аймағынан және Алматыдан келген 10 команда қатысты. 2 сағаттан астам уақытқа созылған кеште тапқыр жастар Атыраудағы мәселелерді де астарлы қалжыңмен жеткізе білді. Ойын қорытындысы бойынша Орал қаласынан келген «Талант» құрамасы бәрінен басып озды.
«Біз енді миллион алып кетеміз деген ой болған жоқ. Мен өзім Атыраудікімін, туған жерім Индер. Осы туған жерімнің алдында кқптен бері шығып тұрған соң, абыроймен ойнап кетсек деген ниетіміз болды командада. Ойын өте жоғары деңгейде өтті. Командалар да өте мықты. Республикалық деңгейдегі командалар» — деді «Талант» құрамасының капитаны Мейрамбек Орынғалиев.
Орын алған командалар мен «Үздік ойыншы» атанғандарға кубоктар мен ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен бірге, жеңімпаз команда жоғарғы лигаға жолдама алды.