CaspianLife, 12 маусым — Атырау мен Маңғыстаудағы қала маңындағы трассаларда өлім-жітім артып келеді, деп хабарлайды Caspian Life.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, мұндай жолдарда адам шығыны Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе және Түркістан облыстарында да артқан. Елімізде күн сайын жол-көлік оқиғаларынан 10 шақты адам қаза тауып, 70-ке жуығы түрлі жарақаттар алады. Мұндай оқыс оқиғалардың көбі республикалық жолдарда тіркеледі.
Бұдан бөлек, күн сайын жол апатынан 1 бала мерт болады. Мәселен, жыл басынан бері еліміздің жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1046 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл жол-көлік оқиғаларында 72 бала қаза тауып, 1152-сі жарақат алған.
ІІМ өкілінің сөзінше, көп жағдайда қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Балаларды автокреслосыз тасымалдайды немесе белбеуді тақпайды.
Фото: inform.kz