CaspianLife, 17 мамыр — Атыраулық байкерлер «Менің елім» деп аталатын республикалық мото шеруге ат салыспақ, деп хабаралайды CaspianLife.
Ұлттық мото шеру биыл 10-шы рет Wheels Brothers MC мотоклубы мен Атырау облысының автомотоспорт федерациясының ұйымдастыруымен өткізілуде. 9 адамнан құралған топ Қазақстанды түгел аралап шығуды жоспарлап отыр. Байкерлер осылайша еліміздің табиғаты мен тарихи жерлерін әлеуметтік желі арқылы өзгелерге де таныстырып, көптің рухани дүниетанымын кеңейтуге үлес қосамыз дейді.
«Біз Қазақстанды аралап шықпақпыз. Шеру Ақтау қаласынан басталды. Әрі қарай Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік аймақтарды аралап, Ақтауға қайтып келмекпіз.. 22 күн ішінде 13 мың шақырым жол жүреміз деген ойымыз бар. Біз осы жоба арқылы елімізге деген махаббатымызды паш етіп, отан сүйгіш ұл екендігімізді көрсеткіміз келеді» — деді мотоклуб мүшесі Олег Шмаль.
Мотоклуб алғаш рет 2012 жылы Атырау қаласында ашылған. Федерацияда 10 адам бар. Одан бөлек мотоклубтың Маңғыстау, БҚО, Алматы, Қарағанды облыстарында да өкілдері бар. Ал Қазақстанды аралап шығуды мақсат еткен ұлттық мото шеру 2014 жылы басталды.