CaspianLife, 11 сәуір — «Береке» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары ойын алаңының қасына қойылған қоқыс контейнерлерін алып тастауды талап етуде, деп хабарлайды Caspian Life.
Бұл маң қоқыстан көз ашпайды деуге болады, өйткені мына үйлердегі пәтер және жақын жердегі дүкен иелері күнделікті қоқысты, кәдеге аспайтынның бәрін осында тастайды. Айгүл Тоқмамбетованың ықшамауданға көшіп келгеніне 4 жыл болған. Қоқыс контейнерлерінің қойылу тәртібін әбден зерделепті. Сондықтан ол мына жерде ереже-талаптың бұзылғандығына сенімді.
Тұрғындардың айтқанымен пәтер иелері кооперативінің өкілдері де келіседі. Бірақ жауапкершілікті өздеріне алғылары келмейді. Және мәселені шешетіндей қолдарында қаражат па, құрал-жабдық та жоқ. Сондықтан бұл жерге қалалық әкімдік кіріспесе болмайтын сықылды.
Тұрғындар мәселені көздерімен көрсін, білсін деп журналистермен бірге жергілікті әкімдік өкілдерін де шақырыпты. Бірақ олар келмеді. Арнаулы автобаза басшылығы да қоқыс контейнерлерінің орнын ауыстыру – біздің құзырымызға кірмейді деп отыр. Бірақ олардың дұрыс орналастырылмағандығын мойындайды. Дей тұрғанмен жуықта алаңды қоршауға уәде етті.
«Контейнерлердің орнын өзгерте алмаймыз, біздің мекеме мұндай жұмыспен айналыспайды. Неге? Біріншіден,тұрғын үй кешені салынбастан бұрын жоба жасалды ғой, сонда қоқыс контейнерлерінің орналасатын жері де көрсетіледі. Талап бойынша олар тұрғын үй, мектеп, ойын, спорт алаңдарынан 20 метр жерде орнласуы керек. Ал мына үйдің жобасында аулада тұрады деп белгіленіпті.Осы аптаның соңына таман қызметкерлеріміз бұл жерді қоршап қояды», — дейді “Арнаулы автобаза” ЖШС басшысы Алмас Ізтілеуов.
Тұрғындар мәселенің көп ұзамай шешілетіндігіне сенімді, қалалық әкімдік қоқыс алаңын көшірсе, оның орнына тал егіп, күтіп-баптар едік дейді олар.
Автор: Нұрсая Эльбрусова