CaspianLife, 11 сәуір — Ақтау қаласындағы екі бірдей жаңа ықшам аудандағы мектеп құрылысы бітер емес. Тұрғындар заңды-заңсыз салынып жатқан көп қабатты үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағанымен, маңызды деген әлеуметтік нысандардың тіпті жобада жоқ екендігіне наразы, деп хабарлайды Caspian Life.
19 «а» ықшам ауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысы биыл жыл соңында аяқталуы тиіс. Бірақ, мұндағы жұмыстың мүлде тоқтап қалғанына бір айа жуықтады.
Бір жыл ішінде жұмыстың тек 15 пайызы жасалды деп ренжиді тұрғындар. Себебі – ақша жетпей қалған. Құрылыс басқармасындағылар жобаның түзетуге жіберілгенін айтады. Бастапқыда 3 миллиард теңге қарастырылғанмен, құрылыс материалдары қымбаттап, ақыры мектепті салуға кететін шығын 5 миллиард теңгеден бір-ақ шығыпты.
Ақтаудағы аяқталмай тұрған нысанның тағы бірі – 18-ші ықшам аудандағы мектеп. Мұның да құрылысына бөлінген қаражат жетпей қалған. Амалы құрыған халық балаларын қаланың басқа бөлігіндегі мектептерге тасып жүр. Ал білім беру басқармасындағылар «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында тағы үш нысанның салынатынын айтып, жар салды.