CaspianLife, 28 наурыз — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атырау-Астрахань» тас жолын реконструкциялау жұмыстары толықтай 2024 жылы аяқталатынын айтты деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов: «Министрлікпен келіскендей тас жолдың құрылысы бақылауда болады»
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінің экс-басшысы Қайырбек Өскенбаев: «2022 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар жолды ашамыз деп отырмыз»
«ҚазАвтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев: «2023 жылдың соңына дейін мердігер мекемелер жұмыстарын аяқтап, бізге тапсырады»
Бұл облыс әкімі мен үкімет басындағылардың осыдан бір жыл бұрын айтқан сөздері. Олар жыр болған «Атырау-Астрахань» тас жолына асфальт төсеу жұмыстарын 2022 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп сеніммен айтқан еді. Ал биылғы әңгіме басқаша. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілер күре жол 2024 жылы ғана толығымен пайдалануға беріледі деді. «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың сөзінше, қайта жаңғыру жұмыстары 20 наурызда жандаған. Биыл қалған 134 шақырымға асфальт төсеу жұмыстары аяқталмақ. Жалпы күре жолдың ұзындығы – 277 шақырым. «Қазавтожол» басшысы осылай деп тағы бір рет атыраулықтардың кеудесіне үміт отын жағып қойды. Ал халық осы уақытқа дейін өңірге қара суды теріс ағызатындай қарқынмен келген жауапты министрлік өкілдерінің де , өздерін «халық қалаулысы» санайтын депутаттардың да құрыққа сырық жалғаған әрекеттерінің куәсі болды. Қызыл танау боп жұмыс істеген кейіп танытқан жергілікті басшылардың да әуселесі белгілі боп қалды. Дегенмен, тағы да үмітсіз шайтан дегеннен басқа айтарға сөз жоқ.