CaspianLife, 19 наурыз — Мақат халқы да саяси науқанда барынша белсенділік танытуда. ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беруге 16 885 тұрғын құқылы, деп хабарлайды CaspianLife.
Жалпы саны 12 сайлау учаскесі дайындалған. Алтауы Мақат, бесеуі Доссор кентінде және біреуі Бәйгетөбе ауылдық округінде. Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектептегі №210 сайлау учаскесі келушілерді сазды әуенмен қарсы алып, сайлаушыларға наурыз көже ұсынды.
«Қазақстанда ілгерілеушілік бар. Байқаушылар отыр. Біз Жаңа Қазақстан үшін, жаңа көзқарас, жаңа реформалардың жасалатындығы үшін қуаныштымыз. Балаларымыздың болашағы үшін, еліміздің дамып, әрқашан барлық елдерден озып, алда болғанын қалаймыз» — деді Доссор кентінің тұрғыны Әнуар Шайхудинов.
Доссордағы №212 сайлау учаскесіне 1467 сайлаушы тіркелген. Оның 7-і алғаш рет дауыс береді, 14-і мүмкіндігі шектеулі жан. Сайлаудың әділ өтуін 7 байқаушы бақылап отыр. Солардың бірі — Айнагүл Әбілқасова әзірге ешқандай заң бұзушылықтың болмағанын айтады.
«Таңғы сағат 7-ден бастап 212 сайлау учаскесінде байқаушы болып отырмын. Мен барша Қазақстан азамат, азаматшаларын бір ауыздан осы сайлауға атсалысуға шақырамын. Және бүгінгі сайлауда мен үшін байқаушы болып отыруым үлесі өте зор. Осы сайлаудың әділ өткені баршамызға үлкен мәртебе деп ойлаймын. Бүгінгі сайлауда заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Сайлау өз дәрежесінде әділ өтіп жатыр» — деді байқаушы Айнагүл Әбілқасова.
№ 212 сайлау учаскесіне қарасты «Ботақан», «Қарсақ», «Байшонас» кен орындарында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 212 сайлаушы үшін дауыс беру жәшіктері арнайы жеткізілді. Аудан бойынша 35 кандидат тіркелген. 13-і партия атынан түсіп жатса, 22-сі өзін-өзін ұсынған.