CaspianLife, 10 наурыз — Атырауда 500 келіден астам ақбөкен мүйізін сақтаған үш азамат ұсталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Киік мүйіздері «Береке» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердегі пәтерлердің бірінен табылып, тәркіленді. Табиғатқа келген шығын көлемі 6 миллиард 264 миллион теңге шамасында. Мұны облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің «өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн, құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«24 ақпан14 наурыз аралығында республикалық көлемде өткізіліп жатқан «Браконьер» іс-шарасы кезінде, яғни жедел-іздестіру барысында Атырау облысының үш тұрғыны басталды. Олардан жалпы көлемі 2421 киіктің мүйізі тәркіленіп алынды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде» — деді Атырау облыстық ПД басқарма бастығының орынбасары Талғат Әмірханов.