CaspianLife, 13 ақпан — Атырауда тұрақтандыру қорының көкөністері 3-5 келіден артық сатылмайды. Мұндай шектеу қордағы картоп пен пиязды, сәбіз бен қырыққабатты сәуір айына дейін жеткізу үшін жасалып отыр, — дейді «Атырау» ӘКК» АҚ өкілдері. Күзде жиналған жергілікті өнім күн жылынып, сырттан келетін көкөністің үлесі артқанға дейін бағаны ұстауға аз да болса көмек, — дейді мамандар. Қазіргі уақытта қоймада 1125 тонна көкөніс қалған, деп хабарлайды CaspianLife.
Тұрақтандыру қорындағы көкөністер Атыраудағы 4 базар мен 2 павильонда сатылады. Мамандардың айтуынша, ондағы баға нарықтағы құннан 20 пайызға төмен. Қазіргі уақытта ондағы пияздың 1 келісі 138 теңге. Мамандар осы тұрақтандыру қорындағы өнімдердің сапасын бақылауда ұстап отырамыз дейді.
Қордағы көкөністің 4 түрі қаладағы «Сарайшық», «Дина», «Насиха», «Көктем» базарларында қолжетімді бағамен саудалануда. Қордың өнімін сататындардың сөзінше, тұрақтандыру қорындағы көкөністерге сұраныс бар, сапасы да жақсы.
«Картоп 180 нен сатылып жатыр, капуста 160тан бар, мелькийлар 100ден бар, морковь 150-ден, свекла 100 теңгеден. Уақ картоп 100 теңгеден, уақ жуа 120 дан. Қолжетімді бағадан сатылып жатыр. Халық дән риза. Енді біздер 6-ға дейін істейміз ғой, кейде төрт жарымда, бесте бітеді» — деді сатушы Аймансұлу Дүйсенова.
Дегенмен, халық көп тұтынатын өнімдердің бағасында өсім бар екені рас. Бір ғана мысал, кейбір сауда нүктелерінде пияздың келісі 300 теңгеден асып кеткен. Сондықтан қор жұмысына жауапты корпорация күзде қоймаға көкөністі биылғыдан да көбірек жинаймыз дейді.
«2022 жылы 300 миллион теңге бөлінген болатын. Онымен қоса егіс алқабын үлкейтіп жатыр деп айтылды ғой 160 гектардан 300 гектарға үлкейту үшін тағы да 517 миллион бөлінді. Сонымен қатар, 2023 жылы 5 мың тоннадай ауыл шауашылығы өнімдері болады. Алдағы уақытта сату точкаларын көбейтейін деп жатырмыз. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз» — деді «Атырау» ӘКК»АҚ департамент директорының м.а. Қайсар Құрманалиев.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері пияздың бір келісі 9,1, картоп 0,7 пайызға қымбаттаған. Сәбіз бен қырыққабаттың бағасы да сәл өскен.