CaspianLife, 6 ақпан — Алдағы уақытта су тарифі 2,8 есеге қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті өткізген қоғамдық тыңдау кезінде айтылды, деп хабарлайды CaspianLife.
Департаментке «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінен тарифті көтеру туралы өтініш түсіпті. Облыс халқын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын шығынға әбден батқандықтан осындай қадамға бармақшы көрінеді. Мысалы, мекеменің жеткізушілерге бережағы 800 млн.теңгеден асады. Одан бөлек өздерінің шығындары 1,5 млн теңгеге жетіпті.
«Өндірістік персоналдың орташа жалақысы 120-130 мың теңге. Бұл бүгінгі күні біздің қызметкерлермен жасалып жатқан жұмыстарына мүлдем сәйкес келмейді. «Атырау облысы Су арнасы» КМК тарифтер мен инвестициялық бағдарламаны 2023-2028 жылдар аралығына 5 жылға бекітуге өтінім жолдады» — деді «Атырау облысы Су арнасы» КМК бөлім басшысы Шыңғыс Арыстанов.
Қазіргі уақытта жеке тұлғалар судың бір текше метрі үшін 62 теңге, заңды тұлғалар 206 теңге төлейді. Қоғамдық тыңдауға келген атыраулықтардың көпшілігі тақырыпты талқылауға келгенде селқостық танытты. Тек бірен-сараңы ғана Жайықтың тартылып бара жатқандығын айтып, су тарифінің қымбаттауына қарсылық білдірмейтінін аңғартты. «Сонда ғана халық суды үнемдеу керектігін түсінеді және оны пайдаланған кезде жауапкершілікпен қарайтын болады»,- десті.
Су тарифіне қатысты қоғамдық тыңдау мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта тағы да өткізіледі. Жұрттың басым бөлігінің пікірі белгілі болған соң ғана нақты шешім қабылданбақ.