CaspianLife, 2 ақпан — Былтыр Атырауда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 206 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды CaspianLife.
Шаруалар 185 жер учаскесін игермепті. Биыл жоспар бойынша игерілмеген тағы 210 мың гектар жер мемлекет меншігіне алынуы керек.
«Пайдаланылмай отырған жер учаскелері космомониторинг арқылы анықталады. Содан соң бұл учаскелерге біз мониторинг жасаймыз. Ол жерлерге дәнді дақылдардың егілу жұмыстары немесе мал басының бар-жоқтығы анықталады. Онда ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен нормативіне сәйкес 1 ірі қараға, уақ малға қанша гектар жер учаскесі беріледі сонымен салыстырады. Егер пайдаланылған жер барлық жердің 20 пайызын құраса, ол тиімсіз пайдаланылған болып саналады» — деді Атырау облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Гүлзия Құрманова.
Мамандар шаруаларға пайдаланылмаған жерлерді өз еріктерімен қайтарған жөн дейді. Сонда ғана басқа жер телімін алуға мүмкіндік болады. Ал, мәжбүрлеп қайтарылса, үш жылға дейін жер берілмейді.