CaspianLife, 18 қаңтар — Уақытын көңілді, денсаулыққа пайдалы қып өткізгісі келетін атыраулықтар үшін жақсы жаңалық: Қалада тағы бір мұз айдыны жұмыс істейді, деп хабарлайды CaspianLife.
Шағын алаң негізінен байдарка және каноэда есу үйірмесінің келушілеріне арналған. Дегенмен, қала тұрғындарының да келіп, сырғанақ тебулеріне болады. Бұл мұз алаңы жылда өзен беті қатқан бойда жасалады. Ал, оны тегістеу жұмыстарымен спорт мектебінің оқушылары айналысады.
«Бұл алаңды жыл сайын саламыз. Мұз алғаш рет қатқан уақытта әуелі қоршау орнатып, өзімізге қажетті дайындық алаңын жасақтаймыз. Мұнда балалар келіп, хоккей ойнайды, қыздар коньки тебеді. Мұздың бетін де оқушылар өздері тегістейді» — деді байдарка және каноэда есуден Атырау облысының бас жаттықтырушысы Николай Богачкин.
Құтқарушылар мұндай мұз алаңын жасақтау үшін арнайы рұқсаттың қажет емес екендігін айтады. Және қазіргі күн райы да өзен бетінде алаңсыз сырғанағысы келетіндерге қарасып тұр дейді.
«Мұз үстінде жүру қауіпсіздігі оның қалыңдығына тікелей байланысты. Қазіргі таңда бұл 25 см-ден асады. Мына жер балалар үшін қауіпсіз саналады» — деді Атырау қалалық ТЖБ басшысының м.а. Магомет Ахриев.
Қоршалған шағын алаң Жайық өзенінің жағасындағы Жастар паркінің, нақты айтқанда Хамит Ерғалиев ескерткішінің тұсында орналасқан.