CaspianLife, 16 қаңтар — «Аманат» партиясы тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты, деп хабарлайды CaspianLife.
Пилоттық жоба алғаш болып Атырау облысында қолға алынды. Бұл бастама негізінен шалғай аудан тұрғындарына арналған. Жоба аясында Абзал Құспан Исатай, Индер, Мақат, Жылыойдың және Атырау қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оның айтуынша, әсіресе аудан халқының жеке сот орындаушыларына қатысты шағымы көп.
«Қарапайым мысал, 5 баласымен ажырасып кеткен азаматша жолықты. Жеке сот орындаушы қазір борышкерді не іздемейді, не түсініктеме алмайды, оған қатысты шаралар қолданбайды, ешқандай әрекет жасамайды. Ал, не істейсіз?! Ал, мемлекеттік сот орындаушылары болса, басшыларына шағымданады. Олар өз тарапынан тексерулер жүргізер еді, тәртіптік жауапкершілікке тартар еді. Әйтеуір, бір қандай да болсын тәртіп болар еді» — деді заңгер Абзал Құспан.
Аудандардағы шаруа қожалықтары өкілдерінің талап-арызы «Атырау» ӘКК-не қатысты. Корпорацияға қарасты несие серіктестігінен қаражат алған олардың бір бөлігі қарызынан құтылса да, кепілге қойған мүлігін қайтара алмай жүр. Өзгелері белгілі бір себептерге байланысты қарыздарын өтей алар емес.
«Әу бастан олардың қызметі заңсыз деп танылған. Ондай несие серіктестіктері ондай қаржы беру үшін олардың қолында лицензиясы болуы керек. Ол екінші деңгейдегі банк сияқты қаржы институы болып табылады. ++05:46 Өйткені, ортақ жауапкершілік болған жерде барлық шаруа қарыздарынан құтылмайынша, кепілдегі мүлік шығарылмайды. Яғни, қарызды өтеген де, өтемеген де зардап шегіп отыр. Бұл кәсіпкерлікті дамытпайды, керісінше, кедергі келтіріп отырған фактор» — деді заңгер Абзал Құспан.
«Тұрғындарды еңбек дауы мен үй кезегінің жылжымауы секілді мәселелер де алаңдатады. Бұқараның құқықтық сауаттылығын арттыру үшін кәсіби мамандармен кездесуді жиі өткізу керек» дейді адвокат. «Құқықтық көмек» жобасы ары қарай басқа облыстарда өткізілмек.