CaspianLife, 6 қаңтар — Маңғыстаудағы «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстары тағы да тоқтатылды, деп хабарлайды Caspian Life.
2015 жылы билік тарапынан қолдау тауып, бюджеті бекітілген жоба арада алты жыл өткенде қолға алынған еді. Оны игеруге 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бірақ бұл соманың небары бір миллиарды жұмсалған соң жұмыс тұрып қалды. Осы қаражатқа 4 мың гектардан астам жердің 266 гектары тазаланды. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасындағылардың сөзінше, мемлекеттік сараптама орталығы жобаны жүзеге асыруға берілген оң шешімді жоққа шығарған көрінеді.
«Мемлекеттік сараптама орталығынан хабарлама алдық. 19 тамызда жасалып, түзетілген жоба өз күшін жойды. Осыған байланысты мердігерге жұмысты тоқтату туралы хат жолдадық», — деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов.
Мамандардың айтуынша, тазартылуға тиіс аумақ көлемінің үш есе азаюына бағаның өсуі себеп болыпты. Яғни, бөлінген 15 миллиардтан астам теңге жоспарлаған 4279 емес, 1344 гектар жерді тазалауға ғана жететін көрінеді. Енді қаржыны көбейтпесе улы көлді түгелдей қалпына келтіру мүмкін емес. Оның үстіне қазіргі инфляцияға байланысты қызмет көрсету, жұмыс жасау бағасы да қымбаттай түскен. Ал жергілікті халық күн өткен сайын ушығып бара жатқан жағдайға алаңдаулы.
Мұндағы халық қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтап, айналаның жасыл желекке бөленгенін қалайды. Шенеуніктер болса жоба қайта қаралған соң оны іске асыруға қажетті ақша көлемі екі есеге дейін өсуі мүмкін дейді. Бірақ, үкімет оны бөле ме, бөлмей ме – ол жағы әзірге белгісіз.