CaspianLife, 17 желтоқсан — Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Артық ғылым кітапта» атты оқырман бенефисі өтті, деп хабарлайды Caspin Life.
Іс шара жыл бойы атқарылған жұмысты қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған. Оқырмандар «Бір қазан сүт» ертегісінің желісі бойынша қойылған спектакльді және кітап көрмесін тамашалады. Кітапхана басшысының айтуынша қазіргі уақытта қор жастардың сұранысына ие кітаптармен толықтырылуда.
«Балалар түрлі кітаптарды ұнатады. Сондықтан, олардың тарапынан сұраныстар да әр түрлі. Біз оларды барынша қанағаттандыруға тырысып жүрміз», — дейді кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова.
Мәдени іс шара оқушыларға арналған интеллектуалды ойынмен жалғасты. Балалар логика, спорт және грамматикадан білімдерін сынады.
«Менің анам да кітапханашы болып жұмыс істейді. Өзім де кітапты жақсы көремін. Енді осы жерге келіп оқитын боламын», — дейді оқырмандардың бірі Нұрасыл Бейімжан.
Бенефис соңында кітапхана басшысы тұрақты оқырмандарына «Үздік оқырман» лентасын тағып, кітап сыйлады. Бақберген Қарабаев пен Мереке Базарбаев «Тұрақты оқырман», 4 сынып оқушысы Жандарбек Еділ ең жас оқырман атанды. Сондай-ақ кітапхананың дамуына үлес қосқан университет, колледж оқытушылары мен қызметкерлеріне алғыс хат берілді.