CaspianLife, 25 тамыз — Атырау қаласында Өркен ықшам ауданының тұрғындары үшін емхана салынады. Жаңа ғимараттың құрылысы басталды деп мәлімдеді Атырау қалалық №4 емхана директоры Еркін Сабиров.
№4 Атырау қалалық емханаға Балықшы, Жұмыскер, Өркен, Водников, Курилкин және Тасқала елді мекендерінің 57 мыңнан астам тұрғыны тіркелген. Оларға медициналық көмек қолжетімді болу үшін Ақжайық пен Жұмыскер елді мекендерінен қосымша ғимарат жалға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Биыл қыркүйекте күніне Өркен мөлтек ауданының 250 тұрғынын қабылдайтын емхананың құрылысы басталатын болады.
«Жаңа ғимарат Балықшы мөлтек ауданында орналасқан №4 емхананың бөлімшесі болады. Енді Өркендегі емхана пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар көп уақыт жұмсамайды. Кезекке тұру да азаяды. Ал Жұмыскер мөлтек ауданындағы шағын бір қабатты емхана ескіруіне байланысты жабылады деп жоспарланып отыр. Бұл мөлтек ауданның тұрғындары Өркендегі жаңа емханаға қаралады», — деді Еркін Сабиров.
Қазір №4 Атырау қалалық емхана 97,8% медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Емханада 57 дәрігер, 215 медбике жұмыс істейді.