CaspianLife, 5 қазан – Атырауда Нұрсая ықшам ауданында салынып жатқан кино-концерттік залдың құрылысы жалғасатын болады деп мәлімдеді қала әкімі Мейірім Қалауи.
1200 орынға лайықталған концерттік залдың құрылысы тоқтап тұрғанына он жылдан асты. Әкімнің айтуынша, оның орнына басқа қажетті нысанды салу туралы ой болғанымен, мұндай аудиторияны кеңінен қамтитын залдар шаһарға қажет.
«Қазір шаралардың басым көпшілігі Махамбет атындағы академиялық драма театрында өтеді. Ал, оның сыйымдылығы 500-дей адамды қамти алады. Қала халқы 400 мыңға жақындап келеді. Сондықтан, мұндай көлемдегі концерттік залдар қалаға қажет», — дейді Мейірім Қалауи.
Ғимараттың құрылысын жалғастыру үшін оны жобалаған мекемені шақыртып, техникалық тексерістерді қайта жүргізетін болады. Кезінде төбесіндегі темір конструкциясы апатты деп танылған еді. Егер тексеріс нәтижесінде расталса, оны бұзып, қайта салатын болады.
Айта кетелік, кино-концерттік залдың құрылысы 2010 жылы басталған болатын. 2013 жылы колданысқа берілуі керек нысанға 3,7 млрд теңге бөлінген еді.
Шаһар басшысы концерттік зал жанында құрылысы тұралап қалған монша орнына Нұрсаяға қажетті нысан салу туралы ой бар екенін айта кетті.
«Қалаға монша аса қажет деп айта алмаймын. Онсыз да жеке сектордағы моншалар көп. Яғни, осы бағытта қызмет көрсететін мекемелер жеткілікті», — дейді қала әкімі.
Алайда, моншаның құрылысына байланысты нақты шешім қабылданбады.