CaspianLife, 17 маусым — Атыраулық кәсіпкерлер облыс прокуроры Халидолла Дауешовтан көмек сұрады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалындағы ашық есік күніне бес кәсіпкер келіп, өздеріне қатысты іс сотта бір жақты қаралып жатқанын мәлімдеді.
Солардың қатарында құрылыс материалдарын сатумен айналысатын кәсіпорынның қаржылық директоры Наурызбай Қабиевтің сөзінше, компаниясының үстінен қылмыстық іс негізсіз қозғалған. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтың кәсібін заңсыз деп танып, «жалған шот фактура жасады» деген айып тағып отыр.
«Д
ЭР қызметкерлері кәсіпорнымда тауардың бар екеніне қарамастан, ешқандай материал жоқ деп, тіркелген құжаттардың барлығын алып тастап жатыр. Экспертиза тағайындауға ұсыныс берген ұсынысым қабылданбады. Ешқандай аудиттен, салықтан тексеріс келмеді. Шынымды айтсам, сотқа да сеніп тұрған жоқпын», — дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлердің мәселесін тыңдаған Халидолла Дәуешев оларға мүмкіндігінше қол ұшын созуға уәде етті. Жыл басынан бері Атырау облысының прокуроры дәл осындай 6 кездесу өткізіп, 28 кәсіпкерді қабылдаған. Сондай-ақ, шағын бизнес субьектілерінің негізсіз тексеріске байланысты 200 дей арызын қанағаттандырған болатын.