CaspianLife, 17 мамыр — Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев және Атырау облысы бойынша құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровты айыптау бойынша қылмыстық ісі қаралды, деп хабарлады облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
2020 жылдың шілде айында Атырау облысының әкімдігі Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылдады. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС-гі орындаған.
Сотталушы Таубаев облыс әкімінің орынбасары бола тұра және құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, «БКК» ЖШС-нің директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Басаров қатысуымен пара сомасы 7% — 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген. Пара беру барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің қызметкерлеріне ұсталған.
Сот үкімімен Таубаевқа 10 жыл, Басаровқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.