CaspianLife, 14 сәуір — Биыл мектептерде соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру дәстүрлі форматта өтеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады.
«Бұл екі іс-шара оффлайн түрде, өткен жылдардағыдай белгіленген мерзімде өтеді. Биыл соңғы қоңырау 25 мамырда болады. Әр мектеп бұл шараны өз бетінше өткізеді. Аттестат тапсыру — бұл балалардың өміріндегі алғашқы маңызды құжат алуы, сондықтан бұл іс-шара да өтеді», — деді вице-министр.
Қазіргі уақытта іс-шараларды өткізу форматы бойынша ұсыныстар дайындалуда.
«Оқу жылының аяқталуына әлі бір жарым ай бар. Біз ұсыныстарды дайындап әріптестеріміз бен БАҚ өкілдеріне жариялаймыз. Бұл жыл сайын өткізілетін іс-шара. Әрине, өткен жылдары коронавирусқа байланысты шектеулер болған соң, толыққанды өткізе алмадық. Бірақ, биыл аттестат тапсыру білім беру ұйымдарының қабырғасында салтанатты түрде өтеді», — деп толықтырды Шолпан Каринова.