CaspianLife, 16 ақпан — Атырау облысында бірнеше шенеунік мектеп пен сауықтыру кешенін салу кезінде қаржы жымқырған деген күдікке ілінді, — деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
Ведомство «Атырау облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» ЖШС басшысына қатысты соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Атырау облысында мектеп, екі отбасылық дәрігерлік амбулатория және денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына бөлінген аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.
«ЖШС басшысына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұған дейін Атырау облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарған Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары да ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Тергеу жалғасып жатқаны айтылды. Басқа мәліметтер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.