CaspianLife, 2 ақпан — Атырау облысында газ бағасы 38,9 пайызға төмендеді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өңірлік филиалының таратушы құбырлары арқылы газ тасымалдау қызметіне 2022-2027 жылдарға арналған тарифін мың текше метрге 1 133,39 теңгеге дейін төмендетті.
Бұл 2016-2021 жылдардағы тарифпен салыстырғанда 36%-ға төмен. Сондай-ақ, жабдықтау үстемеақысы мың текше метр үшін 916,17 теңгеге (43%) төмендеген.
«Осыған байланысты Атырау облысының тұтынушылары үшін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газының түпкілікті бағасы 38,9%-ға дейін төмендеді. Тұрмыстық тұтынушылар (тұрғындар), жылу энергетикалық компаниялар тұрғындар үшін жылу энергиясын өндіруге тауарлық газды тұтынудың мың текше метрі 4 720,33 теңге, жылу және электр энергиясын өндіруге тауарлық газды тұтынатын энергетикалық және өзге де заңды тұлғалар үшін мың текше метрі 11 482,47 теңгені құрайды. Ал, бюджеттік мекемелерге мың текше метрі — 13 344,23 теңге, тұтынушыларға одан әрі сату мақсатында сығымдалған және сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газды сатып алатын заңды тұлғаларға — 11 518,56 теңге», -деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Төмендетілген баға биылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енді.