CaspianLife, 31 қаңтар — Береке ықшам ауданындағы №55 үйдің 1-5 қабат аралығындағы пәтер тұрғындары бірнеше айдан бері көгілдір отынсыз өмір сүріп жатыр . Тұрғындардың айтуынша, тамақты электр пешке пісіріп, үйді де тоқпен жылытып отыр.
Мен осы 9 қабатты үйде тұрамын. Пәтерлерге газ берлмегендіктен электр қуатының көмегімен үйді жылытуға тырысамыз. Бірақ, жарық жиі сөніп қалады. Балаларымыз сап салқын үйде тұрып жатыр. Кейде оларға тамақ та пісіріп бере алмаймыз, — дейді «Береке» ықшам ауданының тұрғыны Венера Шарапиева.
Бізге газ керек. Мен қаланың басқа шетінде жұмыс істеймін. Балаларым үйде өздері қалады. Ыстық тамақ ішкілері келеді. Не істерің білмегесін маған телефон соғып сұрайды. Мен баламды тамақ ішу үшін кафеге жіберуім керек пе? Осы үйдегі 39 пәтердің сатылмағанына біз кінәлі емеспіз ғой дейді тағы бір тұрғын Айжан НАЗЫМБАЕВА
Ал «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы пәтерлердің 80 пайызына тұрғындар қоныстанбай, газды қоса алмаймыз дейді. Себебі, әлі сатылмаған пәтерлерден газ кетуі әбден мүмкін.
Әлі сатылмаған пәтерлер 10 жыл бойы бос тұруы мүмкін. Сондықтан, әкімдік пен ПИК бірлесіп шешімге келу керек. Мына үйдегі пәтерлердің жартысына жуығында адам жоқ. Бір жылдың ішінде үйге көшіп келгендердің саны артпаса, әр пәтерге келіп тұрған газ тұрбасына арнайы тығын орнату керек. Кейін көшіп келгендер оны алып тастап, қайта қоса алады. Сонда ғана қазір адамдар тұрып жатқан үйлерді газбен қамтамасыз етуге болады. Бірақ, бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы орган жасайды, — дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АОФ директорының орынбасары Серік ҚЫДЫРОВ
Көпқабатты тұрғын үйдің мәселесі мұнымен бітпейді. Үйдің сапасы сын көтермейді. Оған қоса, ұрылар подьездердегі жылу батереялары мен электр сымдарын жиі қолды ететін көрінеді. Ал үйдің пайдалануға берілгеніне жарты жыл да болмаған.
2 ай бұрын бөркімізді аспанға атып, қуанып пәтеріміздің кілтін алдық. Бірақ, қуанышымыз су сепкендей басылды. Қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Өйткені, мұнда салқын. Жаңа үйге де, уақытша тұрағамызға да ай сайын қомақты қаражат төлеп отырмыз. Міне электр желілері ашық-шашық жатыр. Салбырап тұрған сымдарды кішкентайлар ұстап аласа не болады. Сондықтан, жауаптылардан, әкімдіктен бұл мәселені тезірек шешіп беруді өтінемін, — дейді «Береке» ықшам ауданының тұрғыны Мереке ШОШАҚОВ.
Осы мәселеге қатысты ПИК басшысынан сұхбат алмақ болған едік. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап алған соң із суытты. Үйді салып берген мердігер мекеме өкілдерімен де тілдеспек болдық. Өкінішке қарай, байланысу мүмкін болмады.