CaspianLife, 10 қаңтар — Маңғыстаулықтар ҚР ҰҚК академиясының 19 жастағы курсанты Мейірхан Бітіммен қоштасты. Ол Алматы қаласында болған қақтығыс кезінде бүлікшілердің қолынан қаза тапқан еді.
Қайғыға ортақтасқандар алдымен марқұмның шаңырағына барып көңіл айтты. Қаралы митинг «Достық» үйінде жалғасты.
Менің баламды халық танысын деп, халық білсін деп осындай митинг жасап жатқаныңызға мың да бір алғыс айтамын. Ер балдарды дұрыстап тәрбиелеу керек, азаматшылық, намысты, әке-шешесін тыңдайтын балалар керек. Қаттырақ ұстау керек жігіттерді, өте қатты ұстасаңдар міне осындай азаматтар өседі, — деді Мейірхан Бітімнің әкесі Ержан Кезбаев.
Жиналғандар қыршын кеткен жастың қаскөйлерге қасқайып қарсы тұрған ерлігін, қайсар мінезі мен ұлтжандылығын айтып, үлгі алуға шақырды. Мейірхан Бітім Ақтау қаласындағы 11-мамандандырылған физика-математика лицейін 2 жыл бұрын бітірген. Бала күнінен әскери болуды армандаған ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына оқуға түскен. Үздік курсанттардың бірі болыпты.
Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктен, ҚР шекара қызметінің академияларын қорғау бойынша жауынгерлік тапсырманы орындау барысында, біздің бірнеше әскери қызметші қаза тапты. Соның бірі ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының курсанты Мейірхан Бітім. Ол болашақта шекара офицері болып, мемлекеттік шекараны қорғауды жоспарлаған еді, — деді Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК ШҚ департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Темірғали.
Мейірхан Бітім — әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.