CaspianLife, 26 қараша – Атырау облысының әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы журналистерге арналған брифингте «Тазалық» жобасы туралы айтты.
Жақында Нұрсұлтан қаласында өткен кездесуде өңір басшысы Атыраудағы экологиялық нақты жұмыстарды таныстырып, оның ішінде АМӨЗ іске асырып жатқан ауқымды жобаның орны ерекше екенін атап өтті. Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, булану алқабын қалпына келтіру жұмыстары жоспар бойынша іске асып жатыр.
«Қазір булану алқабының жартысы толықтай құрғатылды. Биыл сәуірде басталған жоба 2023 жылы аяқталады» деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Махамбет Жолдасқалиұлы Атырауда «орман өсіру және көгалдандыру» бағдарламалары іске асырылып, оған АМӨЗ, ТШО, NCOC, «Ембімұнайгаз» секілді өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындары тартылғанын атап өтті.
Брифинг барысында облыс әкімі 2023 жылы «Квадрат» буландырғыш тоғанын тазарту жұмысының басталатынын және қаладан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтардың 225 мың тоннасын қайта өңдейтін 2 сұрыптау кешенінің құрылысы жоспарланғанын да айтты.