CaspianLife, 24 қараша – Интернетте Атырауда ауаға белгісіз химикаттар шашылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұған дәлел ретінде ұшқан ұшақтан соң аспанда қалған конденсациялық іздің суреттері ұсынылған.
Stopfake сайтының жазуынша, бұл ақпаратты Атырау облысының әкімдігі жоққа шығарды.
«Атырау облысы Экология департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша ведомствоға ешқандай өтініш түспеген. Атырау облысы аумағында орналасқан атмосфералық ауа сапасын бақылау станциялары да осы оқиғаға байланысты ешқандай шығарындыларды тіркеген жоқ. Ұшу аппараттарымен қандайда бір химикаттарды шашу немесе өңдеу туралы айту қисынсыз», – деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ өңір әкімдігінде мәлім еткендей, мамандар фотода көрсетілген аспандағы ақ жолақтарды конденсациялық із екендігін айтқан. Бұл – ауада қозғалған ұшу аппараттарынан кейін атмосферада конденсацияланған ылғалдан, тамшылардан немесе мұз кристалдарынан қалыптасатын іздер.
«Химтрейлдер туралы теория – ұшу аппараттарының көмегімен химиялық заттарды шашу – конспирологиялық және ешқандай дәлелі жоқ. Біз оны бірнеше рет жоққа шығарған болатынбыз», — деп жазады портал.