CaspianLife,12 қараша – 10 қараша күні қосылған Call center байланыс нөмірлері арқылы Ресей Федерациясында тіркеудегі Қазақстан аумағына кірген автокөліктер туралы атыраулық тұрғындар тарапынан 201 сұрақ келіп түскен.
Сауалдардың 92-сі автокөліктің Ресей Федерациясында тіркеуде бар-жоғын анықтау бойынша, 10 сауал — ешжерде тіркеуде болмаған жағдайда қолданылатын жауапкершілік шаралары мен айыппұлдары туралы ақпараттарды білу үшін жолданған.
Сондай-ақ, Ресей елінен әкелінген автокөлігін Қазақстанда тіркеу үшін қажетті құжаттар мен іс-шаралар туралы тұрғындардан 37 сұрақ түскен. Арнайы автотұраққа қойылған автокөлікті шығару, қандай көліктерді тіркеуге болады және қанша мерзімге созылады деген сұрақтар да қабылданып тиісті жауаптары жолдануда.
Айта кетейік, Атырау облысы Полиция департаменті шетелде тіркеуге қойылған көлік иелеріне сақ болу қажеттігін ескертеді және шетел автокөліктерін сатып алар алдында Әкімшілік полиция немесе Жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп тексеріп алуға мүмкіндік бар екенін хабарлайды. Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктерде аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Оның ішінде шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай автокөліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылады.
Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 100-ден астам Ресейлік автокөлік анықталған. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады.
Ал Қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды. БҰҰ-ның жол қозғалысы конвенция талаптарына сәйкес ,шетелдік көліктер Қазақстан Республикасы аймағында бір жыл ғана жүре алады. Кейін оны елден шығару қажет. Ал заң талаптары орындалмаса, әкімшілік шаралар қолданылатынын естеріңізге саламыз.
Есептен түскен автокөлік талапқа сәйкес 10 күн ішінде есепке қойылуы тиіс.