CaspianLife, 8 қараша – Жарылыс болған дәмхананың иесі құтқарушыларға жұмыс аяқталған соң ғимаратты жауып шыққанын, іште адам қалмағанын айтыпты. Қазір оқиға орнын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жарылыс шамамен 200 текше метр аумақты қамтыды. Дәл қазір 60-тан астам құтқарушы оқиға орнында жұмыс жасап жатыр. Тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, үйінді астында адамдар болып қалуы мүмкін ғой деп бір арнайы итті де әкелдік, — деді Ақтау қалалық ТЖБ бастығы Жандос Кенжебаев (видеода)
Жарылыс болғаннан кейін «14 адам көз жұмды» деген ақпарат ғаламторда тараған еді. Алайда, бұл ақпарды Төтенше жағдайлар Министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли жоққа шығарды. Ауруханадағы мамандар көмегіне де ешкім жүгінбеген. Ақтау қалалық ТЖБ-ның мәліметінше, жарылыс салдарынан 10 автокөлікке зақым келген.
Жарылыс орынын тазарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мамандардың болжамынша, оқиға газ баллондары жарылуы салдарынан орын алған болуы мүмкін.
Қазір 120 текше метр аймақ тазартылды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жұмыстарымен полиция департменті мамандары айналысуда. Тиісті экспертиза тағайындалды. Тексерістің қорытындысы бойынша жарылыстың орын алу себебін хабарлайтын боламыз. Біздің қызметкерлер оқиға орнынан 2 газ баллонын тапты, деді Маңғыстау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Азамат Сейталин.
Мамандар жарылыстың қайталануының алдын-алу үшін үйінділер астынан тағы 2 газ баллонын іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Аумақ түгелдей қоршалған. Жарылыс салдарынан жүздеген адам бүгін таңертең жұмысқа шыға алмады. Дәмханадан бөлек бұл кешенде тігін цехы, көлік жөндеу орталығы болған.
Қала шетінде тұратын тұрғындар Ақтауға жұмысқа қатынайтын жол учаскесінің қоршалуы салдарынан, таңғы 8-ден бастап жолдарда ұзын-сонар кептеліс орын алды. Қауіпті аймақ кем дегенде 1 тәулік жабық болады.
Еске салайық, кеше кешкілік 21:30 шамасында облыс орталығындағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екіқабатты ғимаратта жарылыс болған еді.