CaspianLife, 2 қараша – Ақтау балықшылары балық аулауға қатысты ережеге байланысты табыс көзінен айрылғанын айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған 2015 жылғы қаулыдан кейін олар резеңке қайықпен теңізге шыға алмай қалған.
Балық аулауға қатысты ережеге байланысты теңізге резеңке қайықпен шығуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, жалғыз жіпті ауды пайдалануға болмайды. Мұны балықшылар көксерке мен тікенді балық аулау үшін қолданған. Шенеуніктер көп талшықты ауды пайдалануға кеңес берген. Алайда балықшылардың сөзінше, мұндай ау қымбат және су астында көрініп тұрады екен. Әрі қаулыға сәйкес бір учаскеде оның қашықтығына қарамастан, 30 адам және 6 қайықтан көп болмауы керек екен.
Шенеуніктер болса бұл өзгерістерді балықшылардың қауіпсіздігі үшін жасалды деп отыр. Сонымен бірге теңізде қалып кететін ау саны да азаяды дейді олар. Бұл теңіз жануарларының ауға оралып қалуының алдын алады екен. Әсіресе, итбалықтар үшін.
«Экология, геология және табиғи қорлар министрлігі балық шаруашылығы комитетіне ұсыныс білдіреміз. Біз бір учаскеге 50 балықшы және 20 қайыққа рұқсат беруді сұраған болатынбыз», — деді Маңғыстау облысы балық инспекциясы басқармасының төрағасы Адизал Шихметов.