CaspianLife, 13 қыркүйек — Абақтыдан қашқан алтаудың төртеуі темір торға қайта қамалды. Израильдің күзеті ең күшті деген түрмесінен қашып шыққандардың екеуі Умм әл-Ган араб ауылындағы жүк көліктері тұратын паркингтен ұсталса, қалған екеуі Назаретте қолға түскен. Қазіргі уақытта қашу операциясына қатысты тергеп-тексеру жүріп жатқанмен, құқыққорғаушылар оны құпия сақтап отыр.
«Бізді алаң қылатыны, оларға әділ көзқараспен қараса дейміз. Яғни ешқайсысы тергеу барысында зиян алмауы тиіс. Бүгінгі таңда Құпия қызмет қызметкерлері істі сараптамадан өткізіп жатыр. Соған орай, біз соттан палестиналықтардың бізбен сөйлеспейінше жауап беруге қатыстырмауын қадағалауын өтінеміз», — дейді адвокаттардың бірі Авигдор Фельдман.
Жалпы, түрмеден қашқан алтаудың төртеуіне өмір бойы абақтыда отыру жазасы кесілген еді. Ал біреуіне үкім шығарылып үлгермеген. Сонымен қатар, алтыншы тұтқынның үстінен қозғалған сот ісі әлі жүргізіліп жатқан.
Қырағы күзетті айналып өткен палестиналықтардың түрмеден қашуы оларды әп-сәтте халық батырына айналдырып жіберді. Ал қайта ұсталғаны Иордан өзенінің батыс жағалауындағы жаппай тәртіпсіздікке себеп болды. Тіпті, Дженин аумағында израильдік патруль қызметкеріне оқ атылған. Ал Газа Секторында орналасқан «Хамас» ұйымы қарсы бетті зымыранмен атқылаған. Израиль жағы да оларға әуеден соққы жасады.