CaspianLife, 1 қыркүйек — Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында «WestOilSoftware» компаниясының қызметкерлерінің ереуілге шыққанына тоғыз күн болды. Олар жалақыны көтеруді, ұжымдық еңбек шартын жасасуды және тәуелсіз кәсіподаққа жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етіп отыр.
Ереуілге шыққан қызметкерлер олардың талаптары орындалмады деп мәлімдеді. Жүргізушілер Моторбай Әбдірашев пен Қашқынбай Қошқарбаевтың айтуынша, жұмыс беруші сотқа арыз берген.
«Мен 42 жыл бойына жұмыс істеп келемін. Мұнай өндіреміз, бірақ жалақымыз – 120-дан 200 мың теңгеге дейін. Бәрі қымбаттаған кезде бұл ақша неге жетеді? Әділ еңбекақы төлеудің орнына West Oil басшылығы жұмысшыларды сотқа берді», — деді Әбдірашев.
«Заңсыз ереуілді ұйымдастырушылар және оның белсенді қатысушылары» ретінде Серік Қапанов, Базарғали Нұрболғанов, Мұратбек Самаров, Берік Махмұдов және Батыржан Жарылғашев жауапқа тартылмақ. Іс Қарақия аудандық сотының қарауына келіп түскен.
«Алғашқы сот отырысы кеше болды. Бізді Еңбек кодексінің 164, 171, 176-баптары бойынша айыптауда», — деді Базарғали Нұрболғанов.
Жұмысшылардың айтуынша, ереуіл орнына «Маңғыстаумұнайгаз» кен орнын игеру компаниясы директорының орынбасары Қалбай Ізмұханов келген. Ол жұмысшылардың талаптары заңсыз деп санайды. Сондай-ақ, ереуілшілермен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев келіссөздер жүргізді, бірақ тараптар бір шешімге келе алмапты. Бұған дейін «WestOilSoftware» компания басшысының орынбасары Азамат Нагметов жалақыны 13% — ға арттыруға қатысты консультациялар жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.