CaspianLife, 19 тамыз — Атыраудағы ірі дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті жеткізушілерден қосымша төлем мен бонус талап еткен. Бұл тізімде «Идеал», «Лидер», «Ярмарка», «Анвар» және «Marco» сынды сауда желілері бар.
Мамандар жүргізген сараптама барысында жеткізушілерден сүт, сары май, өсімдік майы өнімдеріне дүкен сөрелерінде орын беру үшін 2% -дан 7% -ға дейін қосымша төлемдерді талап еткені белгілі болды. Алайда реттеуші органдар ескертумен шектелді.
«Біз материалдарды жергілікті атқарушы органға жібердік. Олар заңға сәйкес шаралар қабылдайды. Істі қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жолдадық. Енді олар өз құзыретіне сәйкес шаралар қабылдайды», — дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Диас Жәнібеков.
Мамандардың сөзінше, бір жылда мұндай бұзушылық кері қайталанса оларға 757 мың теңге көлемінде айыппұл салынатын болады.