CaspianLife, 11 тамыз — 28 қыркүйекте Фицуильям мұражайында «Алтын Шығыс» көрмесі ашылады. Онда Шығыс Қазақстан облысының алтын қазыналары қойылмақ.
ШҚО-дағы ежелгі сақ қорымдарын қазу кезінде табылған үш жүз бірегей алтын бұйымдар алғаш рет Кембридж Фицуильям мұражайында қойылады. Бұл туралы бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлайды, деп хабарлады ШҚО әкімдігі.
Басылымдар ежелгі сақ жауынгерлеріне тиесілі алтын артефактілер Ұлыбританияда алғаш рет көрсетілетінін атап өтті. Қазыналарға шамамен 3 мың жыл болған. Әсіресе, зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдері ерекше қызығушылық тудырады.
Шығыс Қазақстан аумағынан археологтар тапқан артефактілер (Берел, Шілікті және Елеке Сазы жерлеу кешендері) әлемдік аренада «археологиялық сенсация» деп аталды. Ғалымдардың пікірінше, алтыннан жасалған бұйымдар еліміздің бай тарихын, көшпенділердің мәдениетін көруге және түсінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ шеберліктің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары археолог, профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен Елеке Сазы қорымынан Алтын көмбе табылғаны туралы хабарланған болатын. Табылған зат сақ қоғамының билеушісінің ат әбзелінің әшекейі болған. Барлығы 850 алтын бұйым, соның ішінде салтанатты ат әбзелінің фрагменттері табылды. Ғалымдардың бағалауынша, қазына біздің дәуірімізге дейінгі V – IV ғасырларға жатады.
Кембридждегі Фицуильям мұражайында өтетін көрменің орталық экспонаттарының бірі садақшы болмақ. Ол қайтыс болған кезде 18 жастан аспаған жас сақ жауынгері болған. Ол кіші туысымен бірге жерленген.
Кембридж университетінің Өнер және ежелгі мұражай деректері бойынша, бұл сақтардың Қазақстанда табылған екінші қорымы.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов те сақтардың өз заманының озық технологиялық процестерін пайдалана отырып, шын мәнінде бірегей зергерлік жауһарлар жасағанына, орасан зор және айрықша күрделі діни, жерлеу және мемориалдық құрылыстар салғанына ешкімнің күмәні жоқ деп мәлімдеген болатын.
Аталған көрме 2022 жылдың 30 қаңтарына дейін жалғасады.