CaspianLife, 27 шілде — Атырау облысында әлеуметтік-экономикалық нысандар жұмысына қатысты қатаңдатылған қаулы күшіне енді.
Аймақтағы сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталықтары таңертеңгі 10-нан күндізгі сағат 3-ке дейін, «Ашық» жобасына қатысатын нысандар болса кешкі сағат 5-ке дейін жұмыс істейді. Ал сенбі-жексенбі күндері жұмыстарына толықтай тыйым салынған. Ал қоғамдық тамақтану орындары ертеңгілік 7-ден күндізгі 12-ге дейін, ал жобамен жұмыс істейтін нысандар кешкі 5-ке дейін ашық болады. Демалыс күндері жеткізіп беру қызметіне түнгі 12-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат.
Сұлулық салондары мен шаштараздар «Ашық» бағдарламасына қарамастан алдын ала жазылу бойынша таңертеңгі 9-дан кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді. Жаңа қаулыда жобада жоқ спорт нысандарының жұмасына тоқтау салынған. Ал «ашықпен» жұмыс істейтіндер келушілерді жұмыс күндері ертеңгілік 7-ден кешкі 5-ке дейін қабылдай алады. Ал сенбі-жексенбі күндері тыйым салынған кәсіпкерлік нысандар қатарында азық-түлік маркеттері, дәріханалар мен вакцинация пункттері жоқ.
Бұдан өзге, коронавирус індетін таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында барлық кәсіпкерлік обьектілері мен субьектілерге «Ашық» мобильді қосымшасын енгізу міндеттелді. Ал жобаны қолданбайтын нысандар тамыз айынан бастап жұмыс жасауды тоқтатады.