CaspianLife, 27 шілде — Құрманғазы аудандық балық қорғау инспекторларына қол көтеріп, дене жарақатын салған 3 браконьерге қатысты сот үкімі шықты. Олардың біреуі бір жарым жылға, қалған екеуі бір жылға бас бостандықтарынан айырылды.
«Аталған тұлғаларды ұстау барысында Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманына қарсылық көрсетіп, дене жарақатын салған, содан кейін белгісіз бағытқа қашып кеткен», — деп хабарлады Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясындағылар.
Бұлардан өзге балық қорғау заңнамасын бұзған тағы төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот олардың әрқайсысына 58 мың теңгеден астам айыппұл салды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың наурыз айында Шарон өзенінде рейдтік іс-шара жүргізген инспекторлар заңсыз балық аулаумен айналысқан 7 адамды ұстаған еді.