CaspianLife, 12 шілде — Қазақстан Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың «Талибанға» қарсы күресте Америка армиясына көмектескен Ауғанстан азаматтарын елге орналастыру туралы өтінішіне түсініктеме берді.
«Сыртқы істер министрлігіне америкалық тараптан ресми түрде мұндай өтініштер түскен жоқ», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Бұған дейін хабарланғандай, көптеген қазақстандық бұл жаңалыққа қызу үн қатқан, алайда саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтың пікірінше, АҚШ-тың мәлімдемесіне қазақстандықтар тым эмоционалды қарамау керек, өйткені бұл жөнінде әлі ресми мәлімдемелер болған жоқ.
Еске сала кетейік, 2 шілдеде АҚШ Орталық Азияның үш мемлекетінің — Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның басшылығына өз аумақтарында «Талибанға» қарсы күресте Америка армиясына көмектескен тоғыз мыңға жуық Ауғанстан азаматын уақытша орналастыру туралы келісімге қол қоюды өтінген болатын.