CaspianLife, 8 маусым — Атырау облысында сарматтар дәуіріне тән қорымда қазба жұмыстарын жүргізген археологтар үлкен олжаға кенелді. Олар 3 сармат жауынгерінің сүйегін тауыпты.
Қазба жұмыстары Қызылқоға ауданының Мұқыр елдімекеніндегі Қарақұдық қорымында жүргізілген. Бір қорғанда 3 адамның жерленуі археологияда сирек кездесетін жағдай, дейді мамандар.
Енді табылған сүйектерге антропологиялық зерттеу жүргізілетін болады. Қазба жұмыстары кезінде жебелер, найза, қылыш және тас қайрақ пен қыш құмыра да табылған.
«Қарақұдық қорғандар тобы 2012 жылы археологиялық барлау-зерттеу жұмыстары кезінде анықталған болатын. Қарақұдық қорғандар тобы сармат дәуірінің тарихи ескерткіштері болып есептеледі. Археологиялық зерттеу жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Екінші кезеңді халықаралық экспедиция шеңберінде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», — дейді археолог Амангелді Зайнов.