СaspianLife, 25 мамыр — Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында екі мектеп оқушылары арасында жаппай төбелес болды. Оқиға орнынан жасалған видео әлеуметтік желіге тарап үлгерген.
Кадрдан байқағандай, полицейлер төбелес басталған кезде жақын маңайда болған. Видеодан құқық қорғау органдары мен мектеп оқушыларының төбелес болған жерге жүгіріп бара жатқанын көруге болады. Аталған оқиғаның мән-жайын Маңғыстау облыстық полиция департаменті айтып берді.
«25 мамыр күні сағат 11.00-де Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында Ж.Қалдығараев және Ы.Алтынсарин атындағы мектеп оқушылары арасында төбелес болды. Оқиға орнында жеті адам ұсталып, мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Жәбірленушілер жоқ. Соңғы қоңырау күніне байланысты полиция күшейтілген режимде қызмет атқаруға көшті», — деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД.
Аталған факті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркелген.