CaspainLife, 13 мамыр – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Бақыт Тұяқбаева коронавирусқа қарсы вакцинациядан кейін қол-аяғының жансыздана бастағанын сезген. Соның кесірінен ол құлап, жамбас сүйегін де сындырған. Бұл туралы оның ұлы Олжас Тұяқбаев айтты.
Бақыт Тұяқбаева 77 жаста. Ол Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған. Оның ұлы Олжас анасының коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасымен егілгенін айтады. Бірінші компонентті 5 мамыр күні алған.
«Дәрігерлер таңдау жасауды ұсынды. Біз қазақстандық өндірушіні таңдадық. Мен анаммен бірге емханаға барып өтінішті өз қолыммен толтырдым. Екпеден кейін жарты сағатқа дейін жағдайы жақсы болды. Бірақ, кейін анам қол мен аяқтың ауырсынуын сезіне бастады. Температура мен аллергиялық реакциялар байқалмады, бірақ аяқпен жүруі қиындап кетті», — дейді Олжас Тұяқбаев.
Олжастың айтуынша, Бақыт Тұяқбаева құлап сан сүйегі сындырған. Әйелге № 4 қалалық ауруханада ота жасалған. Туыстары бұл жағдайдың вакцинация әсерінен екеніне сенімді.
«Өндіруші жас бойынша ешқандай шектеулер жоқ деп мәлімдеді, сондықтан біз қазақстандық вакцинаны таңдадық. Өндіруші көрсеткен белгілер, атап айтқанда температура, қалтырау, аллергия жағдайлары байқалған жоқ. Вакцина аяқ пен қолға қатты әсер етті», — дейді профессордың ұлы.
QazVac вакцинасын әзірлеумен Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының Қазақстандық ғылыми-зерттеу институты айналысты. Олжастың сұрауына жауап ретінде әзірлеушілер клиникалық сынаққа 50 жастан асқан көптеген адам қатысқанын хабарлады, бірақ мұндай жанама әсер ешкімде байқалмапты.
Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Ол туыстары айтқандай 5 мамыр күні QazVac вакцинасын алды. 6 мамырда оны терапевт маманы қарады. Сол күні науқас дәрігерге есікті өзі ашқан. Вакцина алғаннан кейін ол қозғалу қабілетін жоғалтты деген тұжырымды туыстары жасап отыр. Оның операциядан кейінгі жағдайы тұрақты», — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Еске сала кетейік, желтоқсан айында Қазақстанда QazVac вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы, 3-ші кезеңі басталды. Зерттеуге Алматы мен Тараздан келген 3 мың ерікті қатысуда.
Фото: интернет желісінен