CaspianLife, 11 мамыр — Полицияға қарсылық танытқан жүргізушіге 291 700 теңге айыппұл салынды.
7 мамыр күні сағат 01:00 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері Азаттық көшесінде орналасқан «Бармаглот» мейрамханасының тұсынан “Ваз 2110” маркалы автокөлікті жолдың қарама-қарсы бағытына шыққаны үшін тоқтатқан. Алайда, аталған автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, қашып кеткен.
Полиция қызметкерлері де автокөліктің артынан ере отырып Сырым Каженбаев көшесі, 50 үйдің тұсынан тоқтатқан. Тексеру кезінде де 23 жастағы көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қарсылық танытқан. Сонымен қатар, аталған көлік жүргізушісінің көлік басқаруға құқығы жоқ екендігі де анықталған.
Нәтижесінде, 23 жастағы көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚбтК-нің 667-бабының 1-бөлігімен (полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау) әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
Одан басқа, ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 5-бөлігімен ( Жүргізуші куәлігі жоқ күйде жолдың қарама-қарсы бағытына шығу),
ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен (Жүргізу құқығы жоқ күйде), 613-бабының 1-бөлігімен (Полиция қызметкерлерінің тоқтату талабын орындамау) әкімшілік хатттамалар толтырылып, барлығы 291 700 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Фото: интернет желісінен алынған