Апатты үйдің тұрғындары жаңа баспананы 10 жылдан бері зарыға күтіп келеді. Первый участок ықшамауданындағы мына екіқабатты қос тұрғын үй 2011 жылы апатты деп танылған. Келбеті адам көргісіз ғимараттың не көгілдір отыны, не суы мен дәретханасы жоқ. Тұрғындардың айтуынша, жауын-шашынды күндері тобықтан су кешіп жүру әдетке айналған. Қала берді, күні-түні егеуқұйрықтар мен мысықтардың тартысынан әбден шаршаған олар сыз тартқан жердің иісіне шыдау мүмкін еместігін айтады.
Көктеген үйден шыққан иіс кішкентай бөбегі барларға қиынға соғып тұр. Осының кесірінен бүлдіршіннің өкпесі қабынып, жүрек соғысы баяулаған кездер де болған. Абырой болғанда, баланы аман сақтап қалыпты. Айтса-айтқандай, сыз тартқан баспанадағы күлімсі иістің қолқаны қабатынын өзіміз де көрдік.
Жан сыздатар жағдайдан әкімдіктегілер 5 жылдан бері хабардар. Осы мәселе бойынша жауапты тұлғаларға хабарласқанымызда, ТКШ бөліміндегілер былтыр тұрғындарға «Жұлдыз» ықшамауданынан су жаңа баспана берілгенін айтты. Алайда халық ол үйдің жобасы кішкентай әрі қашықта орналасқан деп бас тартқан.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, «Береке» ықшамауданынан бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің қүрылысы біте салысымен осы тұрғындарға берілмек. Қалай десек те, апатты жағдайдағы ғимаратты мекендеген елдің ертеңге үмітпен қарап отыруынан басқа жол жоқ.
Малика Такежанова