Облыста саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары одан әрі жалғасуда. Соған сәйкес, бүгін «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалында облыстық мәслихатқа үміткерлер көпбалалы аналармен кездесу ұйымдастырды.
Онлайн форматта өткен кездесуде күн көріс деңгейіне байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуді, жеке тұрғын үй салу үшін қолдау көрсетуді, баспанамен қамту мәселесіне қатысты қол ұшын созуды өтінген және материалдық көмек сұрай келген көпбалалы, жалғызбасты аналар болды.
Жиында көтерілген өзекті мәселелелердің бірі – әйел адамның зейнеткерлікке шығу жасының ұлғаюында. Аналар осы мәселені қайта қарастырып, басшылыққа жеткізуін өтінді.
Дамбы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Өтеғалиева Света көпбалалы аналарға қаржылай ғана емес, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді ұсынды. Сонымен қатар, көтерілген мәселелерден бөлек, аналар партия тарапынан тағайындалған жәрдемақы мен әр түрлі әлеуметтік көмек түрлерін алғандығын айтып, оларға ризашылығын білдірді.
Үміткерлер арыз-шағымдар мен ұсыныс-пікірді тыңдағаннан кейін, арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, оларды басшылыққа жеткізетінін айтты.