Атыраулық дәрігерлер тірі сәбиді тоңазытқышта өлтірді деп айыпталған әріптестерін қызғыштай қорғап отыр.
Облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев пен оның қол астындағы төртеуге қатысты сот ісі аяқталуға жақын. Күдіктілердің әріптестері істі біржақты деп есептейді.
Меруерт АЙДАРХАНОВА, қалалық перзентхананың акушер-гинекологы
Егер әр дәрігерді 20 жылға темір торға қамай берсек, жаңа білікті дәрігер дайындап шығару үшін 10 жыл уақыт керек. Ол тағы 6-7 жыл біліктілігін арттырады. Сонда 20 жыл уақытты текке кетіреміз. Қамай берсек, дәрігерлеріміз жұмыстан кетіп қалу да мүмкін.
Жұлдыз АХМЕТОВА, қалалық №4 емхананың акушер-гинекологы
Мен оларға әділ жаза тағайындалғанын қалаймын. Олардың осыншама уақыт жасаған еңбектері еленбей, БАҚ пен халық арасында өте көп сын айтылуда. Біздер онымен келіспейміз. Себебі, бас дәрігер жасаған көптеген жақсылықты да ұмытпау керек.
Дәрігерлер сотта әділ шешімнің шығуына көмектесуді сұрап, президентке хат жолдады. Өтінішке 200-ден астам ақхалаттының қолы қойылған. Еске сала кетейік, сотта прокурорлар перзентхананың бұрынғы басшысын 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.