Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 200-ге жуық түтін екі жылдан аса уақыт жылусыз күн көруде. Салдарынан қариялар мен кәмелет жасына толмаған балалар салқын тигізіп, сырқаттанып қалуда.
Елдімекен тұрғындары базынасын айтып, талай табалдырықты тоздырғанын айтады. Бірақ жауаптылар бір-біріне сілтеп, әбден мезі қылыпты. Ашуға булыққан ауыл халқы амалсыздан облыс әкімдігіне келіп отыр.
Марал ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Мұнайлы ауданының тұрғыны
Үйіміз салқын. Қыстың түрін көріп отырсыздар. Үйімізге газ керек. Газды талап етіп әкімге келіп отырмыз. Бізге анда бітеді, мында бітеді дейді. Нақты датасын айтпайды. Сондықтан бізге газ мәселесін шешуін сұраймыз. Ешқандай жылу жоқ, электр пешін тоқ көтермейді.
Ақмарал КАРШИГИНА, Мұнайлы ауданының тұрғыны
Газдың бастығына барсақ, ауыл әкіміне бар дейді. Журналистерді шақырсаңдар да, еш нәрсе бітпейді. Бара беріңдер дейді. Жобалық жұмыстар жүріп жатыр. Қашан бітеді – сол кезде қосамыз дейді. Үнемі сондай жауаппен қайтарып жіберіп тұрды. Қазіргі суықта тереземізге мұз қатып жатыр. Кішкентай балаларымыз бар. Газ-баллон жағамыз. Оның да атылып кету қаупі бар, қорқынышты.
Ауыл халқы табылдырыққа дейін жетіп тұрған газдың игілігін көре алмай жатқандарына қынжылады. Олар ай сайын тоқ көзіне жүз мыңдап ақы төлейтінін айтады. Наразы жұртты облыс әкімнің орынбасары қабылдап, Мұнайлы ауданының басшылығына мәселені тез арада шешуін талап етті.
Нұрлыбай ЖОЛБАЕВ, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары
Негізі, біздегі ауылдық округтердің бәрі газдалған. Ал бұлар – кейін пайда болған үйлер. Соған біз уақытында жобалық-сметалық құжаттарды жасақтап, қаражаты бөлініп, шілде айында жұмыстары басталды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеменің айтуы бойынша, екі аптаның ішінде газды береміз.
Ауыл халқының көгілдір отынды тағатсыздана күтіп отырғаны рас. Егер басшылар берген уәдесінде тұрса, қуанатын күннің ауылы алыс емес.