ТШО эпидемиологиялық ахуалға байланысты хабарлама таратты. Онда мұнай қалашығында атқарылып жатқан жұмыстар мен науқастардың жағдайы баяндалған.
«Теңізшевройл» ЖШС COVID-19 жаһандық пандемиясы жағдайында Теңіз кен орнындағы қызметкерлердің денсаулығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолға алуды жалғастырып келеді.
ТШО қызметкерлер арасында вирус жұқтыру жағдайларын ерте анықтау мақсатында оларды уақтылы оқшаулау, сонымен қатар ықтимал қарым-қатынаста болғандарды анықтау үшін ПТР сынамасын алу мүмкіндіктерін белсенді қолдануда. Бүгінгі таңда ТШО тарапынан жүргізілген ПТР сынамаларының саны 73 000-нан асты.
2020 жылдың 7 қыркүйегі бойынша, Теңіз кен орнындағы қызметкерлер арасында барлығы 4 147 вирус жұқтыру жағдайы тіркеліп, олардың ішінен 2295 адам емделіп шықты. Бүгінгі таңда оң нәтиже бергендердің негізгі бөлігі Теңіз кен орнына вахталық кесте бойынша бара жатқан қызметкерлерден тұрғылықты жерінен ПТР сынамасын алу кезінде анықталған. ТШО қызметкерлері арасында 402 жағдай анықталған.
2020 жылдың 7 қыркүйегі бойынша Теңіз кен орнындағы жұқпалы аурулар стационарында (облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы) 24 қызметкер ем алған, бұл жалпы төсек-орын санының 6%-ын құрайды.
Теңіз кен орнындағы үміт артарлық динамикаға және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы белгілеріне қарамастан, карантиндік шектеулер толық көлемде сақталуда. Бетперде тағу, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау және өз-өзін оқшаулау ТШО-ның және мердігер ұйымдардың барлық қызметкерлері үшін міндетті талап болып қалуда.
Бұған қоса, ТШО 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, өндірісті қауіпсіз әрі үздіксіз жүргізуге, сондай-ақ ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберіндегі жұмыстарды бекітілген мерзімде орындауға аса қажетті қызметкерлерді қайта мобилизациялауды бастады.
Қайта мобилизациялау мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық талаптары мен ережелеріне сәйкес және Теңіз кен орны мен Қазақстан Республикасындағы эпидемиологиялық ахуалға қарай кезең-кезеңмен жүзеге асыралады.
Қызметкерлердің және біздің қызмет жүргізіп отырған өңірдегі тұрғындардың денсаулығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ТШО үшін негізгі басымдылық болып қалмақ және осы қағида мобилизация кезінде басшылыққа алынады.
Қазіргі уақытта ТШО-ның өндірістік қызметі үздіксіз іске асырылуда, және біз ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының «аса маңызды бағыттағы» негізгі жұмыстарын қауіпсіз орындауға бағытталған шараларды қолға алуды жалғастырып келеміз.
Қызметті әлеуметтік жауапкершілікпен атқару және жұртшылыққа қолдау көрсету ТШО-ның басты құндылықтарының бірі болып табылады. Біз пандемиямен күресте Атырау облысының медициналық мекемелеріне және тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырып келеміз.
Кәсіпорын медицина қызметкерлері мен жұртшылықтың қажеттілігі үшін 3 млрд теңгеден астам сомаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, табыстады.
Компания 50-ден астам оттегі концентраторын, 20 өкпені жасанды желдету аппаратын, коронавирус инфекциясының диагностикасына арналған 2 ПТР аппаратын, медициналық тасымалдау құралдарын, пирометрлерді, жылуға ден қойғыштарды, жеке қорғану және зарарсыздандыру құралдарын, реанимаця көлігі мен жедел жәрдем көлігін сатып алды. Студенттерді елге қайтару және Атырау облысына дәрі-дәрмек жеткізу үшін рейстер ұйымдастырылды. Сондай-ақ Атырау облысының Жылыой ауданында ТШО-ның қаржылық қолдауымен COVID-такси қызмет көрсетуде.
ТШО тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жұртшылыққа жаһандық пандемияға қарсы шаралар қолдануда қажетті қолдау көрсетуді одан әрі жалғастырмақ.