Маңғыстау облысында алғаш рет қант зауыты ашылды. Жаңаөзен қаласында бой түзеген ірі кәсіпорын енді өңір халқын толықтай отандық өніммен қамтамасыз етпек.
Озық технологиямен жарақтанып, жаңа мамандар сақадай сай отыр. Қытай мен тәжік технологтары жергілікті қызметкерлерге жұмыс істеу әдісін үйреткен. Жоба құны—280 млн тг-ге жуықтайды. Зауыт жылына 3 мың 600 тн өнім шығаруға қауқарлы.
Ерболат СҮЛЕЙМЕНОВ, қант зауытының директоры
Қазақстандағы үлкен зауыттардың көбі қызылшамен жұмыс жасайды. Біз қант құрағын пайдаланамыз. Себебі, біздің аймағымызда қызылша өспейді. Әдеттегі өнімнен ешқандай кем болмайды. Шикізатты карантинге байланысты Ресейден аламыз деп шештік.
Шикізат қамыс тектес қант өндіретін өсімдіктен жасалған. Өндіріс ошағы 30-дан астам адамға тұрақты жұмыс көзін тауып береді. Олар 24 сағат үзіліссіз, үш ауысыммен еңбек етпек.
Рашит МҰСТАПАЕВ, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры
Басында 17 жұмыс орны болды, кейін 32 адамға дейін артты. Мұның барлығы «Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жасалып жатыр. 2018 жылы желтоқсан айында басталған жобаның ашылуы осы желтоқсанда өтті. Халықтың игілігіне, жаңаөзендіктерге пайдасы болуына тілектеспіз.
Қант зауытының көмегімен облыстың ішкі нарығы толықтай жергілікті өніммен қамтылады. Сөйтіп, импорт алмастыруға біршама үлес қосады. Кәсіпорын шығарған алғашқы 1 тонна өнім Жаңаөзендегі жағдайы нашар отбасыларға тегін таратылмақ.